ҚАЗАЛЫ АУДАНЫ

Әкімдігінің ресми интернет - ресурсы

Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Русский Қазақша
Билік
Құқық
Қоғам
Билік
Құқық
Қоғам
Басты бет Жаңалықтар ҚАЗАЛЫДА ҚҰМНЫҢ ІШІНДЕ ЖАЙҚАЛҒАН ЖАСЫЛ БАҚ ӨСІП ТҰР

ҚАЗАЛЫДА ҚҰМНЫҢ ІШІНДЕ ЖАЙҚАЛҒАН ЖАСЫЛ БАҚ ӨСІП ТҰР

03.07.2019 19:45:26

Қазалы ауданының орталығынан шалғайда, Қызылқұмның ішінде табиғаты қатал Кәукей ауылында жайқалған жасыл бақты көргенде өз көзіңізге өзіңіз сенбеуіңіз мүмкін. Алайда Кәукей ауылының тұрғыны Бөрібай Ізімқұлдың үйінің жанындағы бау-бақша жайқалып тұр.

Көп жылдар мемлекеттік қызметте жүріп, жақында ғана зейнеткерлікке шыққан ағамызға таңырқай қарап бірден ойымдағы сауалды жеткіздім.

– Бөке, күндіз-түні бітпейтін жұмыста жүріп, аулаңызды жасыл желекке қалай малындырып қойғансыз? – деген сұрақ қойдым.

Ағамыз әдемі бір жымиып алып, әңгімесін бастап кетті:

“Рас айтасың. Қарбаласқа қауырт жұмыстан қолымыз тимейтіні шындық. Сол үшін де әдейілеп көктем шыға салысымен өзімнің еңбек демалысымды алатын едім. Осы уақытта мына жерге бақша дақылдарын егіп, жаңа жеміс түрлерінің көшеттерін де отырғызамын. Жыл сайын бақшаға қызанақ, қияр, қызылша, сәбіз, жуа тұқымдарын сеуіп, күз болғанда бала-шаға рахатын көреді. Бұл біріншіден отбасымды табиғи өніммен қамтамасыз етсе, екіншіден немерелерім еңбектің наны тәтті екенін көзбен көріп жүр”, – дейді Бөкең ағынан жарылып.

Еңбек десе жанып түсетін азаматтың ауласында бүгінгі күні 400 түп тал, 100-ге жуық жеміс ағаштары жайқалып өсіп тұр. Олардың қатарында сары өрік, шие, алма, алмұрт, жүзім, грек жаңғағы, киви, інжір, айба, шабдалы, қарақат бар. Барлығы да көктеп, жеміс беріп тұр.

Әр саналы азаматтың өмірде алдына қояр мақсаты – үй салып, ағаш отырғызып, ұрпақ өсіріп, оларды дұрыс тәрбиелеу болса, Бөкең де осы үш міндетін толық орындаған. Ол 5 бала тәрбиелеп, қазір 5 немересінің қызығын көріп отыр. Әманда игі бастаманың басы-қасында жүретін оның шаңырағы жыл сайын бау-бақша егуді игі дәстүрге айналдырып, жалықпастан еңбектенудің арқасында ауласын бау-бақшамен жайнатып отырған үлгілі отбасылардың бірі.

Ақпарат көзі:

Кіру

×