ҚАЗАЛЫ АУДАНЫ

Әкімдігінің ресми интернет - ресурсы

Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Русский Қазақша
Билік
Құқық
Экономика
Билік
Құқық
Экономика

Әкімнің құттықтаулары

Аудан әкімі М.Н.Ергешбаевтың

Наурыз мерекесіне орай БАҚ-та жарияланатын

құттықтауының  жобасы

Құрметті аудан тұрғындары!

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Наурыз – береке-бірліктің, теңдіктің, жақсы тілеудің, қайта түлеудің тойы!

Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін Табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы деп бағалаған.

Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге жаңғырған Наурыз мейрамы көпұлтты Қазақстан халқы үшін сүйікті мерекеге айналып, бүгінде бірлік пен ынтымақтың, саяси тұрақтылықтың нығаюына әсер етіп отыр.

Ұлттық мерекеге айналған әз Наурызға қазалылықтар да шабытты көңіл-күймен, жарқын еңбек табыстарымен жетті. Күн өткен сайын ауданымыздың жаңарып, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің түзеліп, әл-ауқатының артуы  мұның заңды айғағы.    

Ұлыстың Ұлы күні отбасыларыңызға берекесі мен бірлігін, елімізге ырысы мен ынтымағын, тыныштығы мен жақсылығын әкелсін.

Ақ мол болсын, жыл жемісті болсын, ардақты ағайын!

 

 

Ізгі ниетпен,

Қазалы ауданының әкімі                       М.Н.Ергешбаев

 




Аудан әкімі М.Н.Ергешбаевтың

 8 наурыз – Халықаралық әйелдер

 күніне орай құттықтауы

БАҚ-та жарияланатын нұсқа

 

Ардақты аналар!

Аяулы арулар!

Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ана – тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі, жақсылықтың бастауы.

Ел тарихының қай кезеңінде болсын, батыр аналарымыз асқан ерлігі мен өнегелі істерінің арқасында бірлік, тұрақтылық, өркендеу сияқты арқаулы құндылықтар қалыптастыра білген.

Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да Әйел-аналар қауымы!

Елбасының «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды» деген сөздері ананың қадірін біліп, асыл қасиетін түсінуге үндейді, мемлекет және қоғам болып аналарымызды алақанға салып аялауға шақырады.

Әйелдер бүгінде барлық салада жемісті еңбек етіп жүр. Мемлекетіміз жеткен жетістіктерге нәзік жандылардың қосқан үлесі зор. Қазалы өңірінің нәзік жандылары да билік пен бизнесте, білім мен мәдениетте ерекше қабілетімен танылуда.

Бүгінгі мерейлі мереке қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін.

 

 

Ізгі ниетпен,                    

Қазалы ауданының әкімі                 М.Ергешбаев 



 

Аудан әкімі М.Н.Ергешбаевтың

1 наурыз – Алғыс айту күні

мерекесімен құттықтауы

БАҚ-қа жарияланатын нұсқа

 

 

Құрметті жерлестер!

Сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген бұл күн ел бірлігін бекемдеумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелеуде. 

Бүгінде  Қазақстан  құтты  қоныс,  қасиетті  мекен  болған достықтың  шаңырағына  айналды.  Тағдыр  тәлкегімен елімізге қоныс аударған өзге ұлт өкілдері де алып шаңырақ астынан тұрақ тауып, бейбіт те берекелі тіршілік кешіп келеді.  Аласапыран кезеңде айқара құшақ ашып, төрінен орын берген қазақ жұртына олардың құрметі бөлек.

«Ырыс алды – ынтымақ» деген халық даналығының астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық – біздің баға жетпес байлығымыз. Сондықтан қазақ даласын мекен еткен барша ұлт өкілдері үшін татулық бәрінен де қымбат.

Ардақты ағайын!

Құндылықтардың қадіріне жете алған елдің ғана келешегі кемел. Сондықтан, айтулы күні бірлігімізді бекемдеп, шынайы ықыласымыз арқылы сыйластығымызды одан әрі нығайтуымыз қажет. Бұл тұрғыда тамыры терең, тарихы кенен Қазалы өңірінің тұрғындары – өзгелерге өнеге болуы тиіс.

Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін.

Баршамыздың ортақ үйіміз – Қазақстан жерінде шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, ізгілікті істеріңіз толағай табыс пен ырысқа толғай.    

 

 

  Ізгі ниетпен,                                    

        Қазалы ауданының әкімі                     М.Ергешбаев




АУДАН ӘКІМІ М.Н.ЕРГЕШБАЕВТЫҢ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫН ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

 Құрметті қазалылықтар!

Сіздерді жаңа 2018 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Міне, тағы бір жыл тарих қойнауына еніп барады.

Өткен жыл ауданымыз үшін шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен толайым табыстың кезеңі болды деп айтуға болады. Экономикада еңселі биіктерді еңсердік. Нақтырақ айтсақ, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі артты. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде мал және егін шаруашылықтарында жемісті жұмыс жүрді.

Апатты мектептер мәселесі толық шешілді. 5 мектеп, 1 ауылдық клуб, 1 аудандық аурухана пайдалануға берілді. 1 спорт кешені,
1 мектеп пен «Әлсейіт» өткеліндегі темірбетон көпірінің құрылысы басталды.

Аудан халқының 50 пайызын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге қол жеткізіп, үздіксіз ауыз су жүйесіне қостық.

Жол жөндеу, инженерлік-инфрақұрылым бағытында атқарылған жұмыстар да нәтижелі болды.

Қазалының бұл табыстарында әрқайсыңыздың жеке үлестеріңіз бар. Сондықтан баршаңызға жасампаз еңбектеріңіз бен елге деген жанашыр ниеттеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін.

Ардақты ағайын!

Жаңа жылды қашанда алдағы уақыт көшінен қуаныш, жақсылық, жағымды жаңалық күтетін, өткен өмір жолымызға есеп беретін, келешек бағыт-бағдарымыз бен мақсат-міндеттерімізді белгілейтін Үміт, Сенім мерекесі ретінде асыға күтеміз. Өткен жылға өкпе жоқ, ал келер жылдан күтер үмiтiмiз де, тiлер тiлегiмiз де жетерлiк.

Жаңа жылда Сіздерге игілік пен ізгілік, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін.

Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры қашан да берік, туы биік болсын!

Қасиетті Қазалы елінің құты мен ырзығы арта бергей!

Жаңа жыл құтты болсын, қымбатты жерлестер!

 

 

Құрметпен

Қазалы ауданының әкімі                      М.Ергешбаев





Аудан әкімі М.Ергешбаевтың жаңа жылдық шыршаның ашылу салтанатында сөйлейтін сөзінің жобасы




 

Құрметті аудан тұрғындары!

Қадірлі жерлестер!

Еліміз тағы бір жылды еңсеріп, күнтізбеде жаңа жылдың бетін айқара ашқалы отыр. Ескі жылдың есіркеуі мен жаңа жылдың жарылқауын тілеп отыратын қазақ халқы үшін әр жылдың орны ерекше.

Әрбір өткен жыл тарих беттеріне еліміздің даму жолындағы жасампаз жаңалықтарымен жазылып келеді.

Бұл жылы да аудан көлемінде атқарылған ауқымды істер көз алдарыңызда.

5 мектеп, 1 ауылдық клуб пайдалануға берілсе, 1 спорт кешені, 1 аурухана, 1 мектеп салынуда.

Келер жылы Әйтеке би кентінен 600 орындық мәдениет үйі мен 18 пәтерлік 6 көп қабатты тұрғын үй құрылысы басталады.

Аудан халқының 50 пайызын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге қол жеткізіп, үздіксіз ауыз су жүйесіне қостық. 

Алдағы жылы 6 млрд. теңгеге жуық қаржыны құрайтын автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарын қаржыландыруға ұсындық.

Ал оң шешімін тапқан «Әлсейіт» өткеліндегі темірбетон көпірі келер жылы іске қосылады.

Екі күннен соң 150 орындық аурухана пайдалануға беріледі. Жаңа нысан заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталып, Ресейден «Ангиограф» медициналық аппараты орнатылуда.

Аурухана жанынан 250 орындық аудандық емхана салу да жоспарлануда. Амандық болса, құрылыс жұмыстары басталатын болады.

Қадірлі қауым!

Көріп отырғандарыңыздай, көп салада ауыз толтырып айтарлық нәтиже бар екені рас. Туған жеріміздің, Сыр елінің  еңселі табыстарының барлығында Қазалы халқының мақтанышпен айтарлық еселі еңбегі мен асқаралы үлесі бар. Осының барлығы – ел Тәуелсіздігі мен сол егемен елдің Тұңғыш Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі.

Енді Жаңа – 2018 жылға да үлкен үміт артып отырмыз. Келесі жылы көптеген әлеуметтік жобалар іске асырылатын болады. Мемлекеттік бағдарламалар өз жалғасын тауып, ауданымыздың әлеуметтік-мәдени дамуына үлкен мән беріледі.

Барша Қазалы жұртшылығы осы жылды зор еңбек тартуларымен, ортақ мемлекеттік мүдде жолында жеке өнегесімен айшықтап, үлес қосатынына сенімдімін.

Ардақты ағайын! Жаңа жыл – әр отбасына жылулық әкелетін, көңілге үміт пен сенім ұялататын жасампаз мереке! Осы бір шуақ шашқан отбасылық мереке баршаңызға бақыт, табыс, шаттық әкелсін!

Жаңа жыл ырыс пен ынтымақ жылы болсын!





Аудан әкімі М.Ергешбаевтың жаңа жылдық қорытынды жиында сөйлейтін сөзінің жобасы 29 желтоқсан 2017 ж., сағ: 16.00 Аудандық мәдениет орталығы


 

Құрметті әріптестер!

Баршаңызды төрімізге енгелі тұрған Жаңа 2018 жылмен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Жаңа жыл – бәріміз ақ пейілмен асыға күтетін айрықша мереке.

«Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп» дейді халқымыз. Тарих қойнауына енгелі тұрған жыл еліміз, оның ішінде қазалылықтар үшін жетістікке толы болды. Ауданның саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуында оң өзгерістер орын алды.

Елбасы саясатының аясында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік реформалардың және аймақ басшысының қолдауымен ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп, халықтың жағдайын жақсартуда белсенді жұмыстар атқарылды.

Бұл – іргелі елдігіміздің, ынтымағы мен бірлігі жарасқан қазалылықтардың ерен еңбегінің жемісі.

Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 10,4 млрд. теңгені құрап,                   6,1 пайызға артты. Өнім көлемінің еселеп артуы жергілікті бюджетке салық түсімінің ұлғаюына оң әсерін тигізді.

Кәсіпкерлер қатары да көбейіп келеді. Бүгінде аудандағы        4 мыңнан астам шағын кәсіпкерлік субъектілерінде 9 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.

Алдағы жылы бірнеше инвестициялық жоба іске аспақ. «РЗА» АҚ ірі қара өсіру кешені мен сүт зауытының 2-ші кезеңін қосу арқылы мал басын 1200 басқа ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Ал «Сыр Маржаны» ЖШС «Ет консервісін өндіру және шұжық шығару цехы» жобасын жүзеге асыру мақсатында Иран Ислам Республикасымен келісімдер жасауда.

Бизнеске қолайлы жағдай туғызу мақсатында ашылған «Өндірістік аймақта» құны 400 млн. теңгеге жуық тағы               жаңа 9 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның 4-і толық іске қосылды.

Бірнеше мемлекеттердің арасын жалғайтын Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралінің аудан аумағынан
96 шақырым бөлігі өтетінін ескерсек, Қазалының экономикалық дамуына ғасыр жобасының қосар үлесі ерекше деп білемін.  Көлік дәлізі бойынан 2 нысан іске қосылып, тағы 3 жоба бойынша жұмыстар жүруде.

Ауылшаруашылығы саласының да биыл мерейі үстем болды. 9,3 млрд. теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндіріліп, 135 млн. теңгенің  инвестициясы салынды.

Ауданда құрылыс та қарқынды дамуда. Биылдың өзінде                          4 млрд.-тан астам қаржы құрылыс саласында игерілді.

5 мектеп, 1 ауылдық клуб пайдалануға берілсе,                         1 спорт кешені, 1 мектеп салынуда.

Келер жылы Әйтеке би кентінен 600 орындық мәдениет үйі мен 18 пәтерлік 6 көп қабатты тұрғын үй құрылысы басталады.

Алдағы жылы 6 млрд. теңгеге жуық қаржыны құрайтын автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарын қаржыландыруға ұсындық.

Ал оң шешімін тапқан «Әлсейіт» өткеліндегі темірбетон көпірі келер жылы іске қосылады.

Ауданда апатты мектептер мәселесі толық шешілді.
3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайызға орындалды.  

Тұрғындардың денсаулығын жақсарту да басты назарымызда. Жақында заманауи медициналық құралдармен жабдықталған 150 орындық аурухана іске қосылатын болады.

Енді жаңа аурухана жанынан 250 орындық аудандық емхана салу жоспарымызда бар. Амандық болса, құрылыс жұмыстары алдағы уақытта басталатын болады.

2017 жыл жыл ауданымыз үшін шын мәнінде, бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің, халық қалаған, серпінді жобалардың орындалуымен аса құнды жыл болды. Ойда қалар оқиғаларымен, есте ұстар ерекшеліктерімен қымбат болды.

Қасиетті Қазалы елінде мұнан өзге де іргелі істер мен тындырымды тірліктер жетерлік. Әрине, бұл үлкен жетістіктерге ең алдымен жергілікті халықтың қажырлы еңбегі мен ел тыныштығын тілеген көптің шын ықыласы себепші болды деуге болады.

Алдымызда үлкен мақсаттар тұр. Жаңа 2018 жыл да жарқын келешекке бастайтынына нық сенімдімін. Ең бастысы, жұдырықтай жұмылып, ауызбірлікте еңбек етуіміз қажет. Біріксек бітпейтін, ұйымдассақ ұтпайтын тірлік жоқ.

Барша Қазалы жұртшылығы жаңа жылда зор еңбек тартуларымен ел дамуына үлес қосатынына сенімдімін.

Қадірлі жерлестер!

Өткен жыл тарту еткен барлық жақсылық атаулы жаңа жылда жарасымды жалғасын тапсын.

Жаңа жыл - әр шаңыраққа қуанышын, шаттығы мен берекесін ала келсін!

Елiмiзде тыныштық пен ынтымақ салтанат құрып, Тәуелсiздiгiмiз мәңгi болғай!

Жаңа жыл құтты болсын! 





Аудан әкімі М.Ергешбаевтың


үздік оқушылар шыршасында

сөйлейтін сөзінің жобасы

 

Құрметті балалар!

Қымбатты жас достар!

Жаңа жыл, ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Мен сіздерді және барлық қазалылық бүлдіршіндерді келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл — сіздер асыға күтетін айрықша мереке. Жаңа жыл салтанатына дейінгі ай армандаумен және ғажайыпты күтумен өтеді. Жаңа жылды қарсы алу – жаңа армандармен қауышу. Жаңа жылда барлық арман-тілектеріңіздің орындалуына тілектеспін.

Ескі жыл еліміз үшін мерейлі белестер жылы болды. Барлық салада да өсіп, өркендеу бар. Сіздердің барлықтарыңыздың биыл жақсы нәтиже көрсеткендеріңізді білемін. Өйткені бұл шыршаға тек белсенді әрі талантты балалар ғана шақырылады.

Сіздердің барлықтарыңыз жыл бойы жақсы бағалар алып, түрлі конкурстар мен жарыстарда жеңіске жеттіңіздер. Мен осы үшін өте қуаныштымын.

Біздің еліміздің мақсаты — Мәңгілік ел болу, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу. Біз еліміздің  халықаралық аренадағы беделін көтеруге ұмтылуымыз керек.

Аға буын, соның ішінде сіздердің ата-аналарыңыз нақ сол үшін және Қазақстан жастарының игілігі үшін жұмыла еңбек етуде. Сіздер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыздар.

Бүгінгі жүзеге асырылып жатқан игіліктердің барлығы тек сіздердің болашақтарыңыз үшін жасалуда. Жыл сайын жаңа мектептер мен балабақшалардың саны артып келеді.

Биыл Майдакөл, Лахалы, Бірлік, Шәкен, Шилі ауылдарында 5 жаңа мектеп салынды. Тағы бір мектептің құрылысы жүргізілуде.

Жас ұрпақтың қуаты – білімі мен білігінде, бірлігі мен патриоттығында. Біз бабалардан мирас болған атамекенімізді тәуелсіз ел еттік. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналдырдық. Біздің барша жетістіктеріміздің бастауы – бірлік. Бірлігімізді  тұмардай сақтай білсек, еліміз үшін алынбайтын белестер жоқ. Ол үшін әрқайсыңыз өздеріңізге жүктелген жауапкершілікті сезіне білулеріңіз керек.

Қымбатты балалар!

«Өнерлі өрге жүзеді» дейді дана халқымыз. Ата-аналарыңызды қуантыңыздар, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар.

Елдің болашағы, үміті мен тіреніші де – сіздер. Әркез алға мақсат қойып, тынбай еңбек етсеңіздер, міндетті түрде істеріңіз жемісті болады. Сондықтан туған халықтың сенімінен шығатын, үмітін ақтайтын білімді, адамгершілігі жоғары, денсаулығы мықты азамат болып өсіңіздер. Себебі өздеріңізге барлық жағдайды жасап отырған Отан-аналарыңыз сіздерден көп үміт күтеді.

Бәріңізге Жаңа жылда бақыт, денсаулық, үздік оқу тілеймін. Жаңа шындардан көрініп, ауданымыздың даңқын көтере беріңіздер!

Болашақтарыңыз баянды болсын!





Аудан әкімі Н.Ш.Шамұратовтың 1 мамыр – Қазақстан халқының


бірлігі күні мерекесімен құттықтауының жобасы

(БАҚ беттерінде жарияланатын нұсқа)

 

Қадірлі жерлестер!

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтаймын!

Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық мерекесі ретінде қалыптасқан бұл мереке - бүгінде елімізде өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың достығы күні. 

«Бірлік – берекеге, береке – мерекеге жеткізеді» дейді халық даналығы. Елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. 130-дан аса ұлт өкілдері ынтымағы жарасқан Қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп, ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жаңғыртуда.

Елбасы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» жобасы Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып берді. Жоба атажұртын, кіндік қаны тамған жерін сүйетін әр азаматтың көңілін жылылыққа толтырады.

Туған ел туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды алдынан күтетіні – бір тағдыр.  Сондықтан бұл жоба жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналатыны сөзсіз.

Татулық, достық, ынтымақ, бірлік – еліміздегі саяси-экономикалық тұрақтылықтың басты әрі негізгі кепілі. Осы күнге дейін бағындырған белестеріміз бен жеткен жетістіктеріміз ұлтаралық татулық пен шынайы түсіністіктің жемісі.

Ардақты ағайын!

Қай кезде де берекелі тірліктің отын маздатқан ауданымызда он үштен астам түрлі ұлт өкілдері бар. Біз үшін Қазақстан – ортақ шаңырағымыз, аяулы Отанымыз. Сондықтан да Бірлік мерекесі ауданның әрбір азаматының жүрегінде орын тапқан.

Мерейлі мереке қарсаңында әрбір шаңыраққа шаттық, дендеріңізге саулық, бастарыңызға бақ-береке тілеймін! Тыныштық пен бейбітшіліктің тал бесігінде тербелген халқымыздың бірлігі нығая берсін.

 

 

                                                                                                                                    Құрметпен,

Қазалы ауданының әкімі                             Н.Ш.Шамұратов


Аудан әкімі Н.Ш.Шамұратовтың

Наурыз мерекесіне орай жарияланатын құттықтауының  жобасы (БАҚ-қа жарияланатын нұсқа)

 

Құрметті жерлестер!

Баршаңызды жыл басы, тіршілікті түлеткен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бүкіл Шығыс халқына ортақ Наурыз мейрамы – жаңарған қазақ елінің кешегісі мен бүгінгісін, ертеңі мен болашағын жалғастыратын басты мейрам. Наурыз – көктем мен жаңаруды, тазаруды айшықтайтын мерейлі де ұлы кезең. Ол өткенді саралап бағамдайтын, болашағымыз бастау алатын ерекше шақ.

Әрбір қуанышты, жаңалықты, мерекені асыға күтетін аудан жұртшылығы жарасымды ынтымақ пен ауызбіршіліктің үлгісін көрсете отырып, жыл басы – Наурыз мейрамына да жақсы жағдайда, шабытты көңіл-күйде, шығармашылық, еңбек табыстарымен жетті. Жылдан-жылға ауданымыздың әлеуметтік-мәдени әлеуеті өсіп, экономикасы өркендеп,  халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді.

Ардақты ағайын!

Сіздерді ғасырлар қойнауынан бастау алған берекелі Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, әр шаңыраққа мерейлі шаттық, мол ырыс пен мызғымас ынтымақ тілеймін. Қасиетті бабаларымыздың ақ батасы мен өнегелі дәстүрінің куәгеріндей көктем мерекесі бар жақсылығын ала келсін!

Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!

 

         Ізгі ниетпен,

Қазалы ауданының әкімі                                   Н.Ш.Шамұратов



 Қазалы ауданының әкімі Н.Ш.Шамұратовтың

8-наурыз Халықаралық Әйелдер күні мерекесімен құттықтауы (БАҚ-қа жарияланатын нұсқа)

                                                                                           

Ардақты аналар, аяулы арулар!

Сіздерді 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ана – қашанда тіршіліктің тірегі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі, жақсылықтың бастауы. Халқымыз әрқашан әйел затын қастерлеп, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балаған.

Ел мақтанышына айналған ұлағатты аналардың өмір жолдары бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Олардың бірі – парасат-парқымен талай аңызға арқау болса, енді бірі – елінің тыныштығын қорғап, берекесін еселеді. Сөзіміздің дәлелі  - алты Алашқа танымал Бегім ана мен Домалақ ана, Айша бибі, Қыз Жібек пен Баян сұлу, ел басына күн туған заманда ерлермен иық тірестіріп, жанын пида еткен Тұмар мен Зарина ханшайымдар, кешегі Әлия мен Мәншүктер, Роза мен Мәдиналар.

«Отан отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Еліміздің гүлденіп-көркеюі, дамыған мемлекетке айналуы отбасындағы тату тіршілікке байланысты. Ал үй ішіндегі береке ананың қолында екені баршамызға белгілі. Сондықтан да, әйел – Отанымыздың сақтаушысы, береке-бірлігіміздің бастауы ретінде бағаланады.

Қымбатты асыл аналар, қыз-келіншектер, қарындастар!

Сіздерге шынайы ықыласымды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін! Көктемнің гүліндей құлпырып, бақытты да баянды ғұмыр кешіңіздер!  

 

         Ізгі ниетпен,

Қазалы ауданының әкімі                          Н.Ш.Шамұратов



                                                  

Аудан әкімі Н.Ш.Шамұратовтың

1 наурыз – Алғыс айту күні

мерекесімен құттықтауы

 

 

Құрметті жерлестер!

Сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен өткен жылы бекітілген бұл күнді барша қазақстандықтар үлкен қуанышпен қабылдады. Өйткені Алғыс айту күні – барша қазақстандықтарға арналған, ұлттар бірлігін жаңа деңгейге көтеретін жалпыұлттық мереке.

Қазіргі таңда елімізде 130-дан аса ұлт өкілдері өмір сүреді. Олар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси, тарихи, мәдени дамуына өз үлестерін қосып келеді. Біз бәріміз бірге туған елімізді жандандырамыз, жаңа өндіріс орындарын дамытамыз. Барлық табыстарға бірге қуанамыз және әрқашан бір-бірімізді қолдаймыз.

Сондықтан, еліміздің ұлттық рухының басты көзі бірлік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру болып табылады.

Ардақты ағайын!

Азаттықтың екінші мүшеліне аяқ басқан еліміз бір мүдде төңірегіне бірігіп, дамудың таңғажайып белестеріне қол жеткізуде. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы 5 реформаның төртіншісі де біртектілік пен бірлік деп аталады. Бұл түрлі тарихи себептермен қазақ топырағына табан тіреген этностардың «Мәңгілік ел» идеясы төңірегіне топтасуын көздейді. 

Баршамызға Алғыс айту күні құтты болсын! Береке-бірлігіміз берік, ырыс-ынтымағымыз нығая берсін! Ортақ шаңырағымыз – Қазақстан тыныштық пен татулықтың мәңгілік мекеніне айналсын!

Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, береке, қуаныш пен шаттық тілеймін!

        

 

Ізгі ниетпен                                         аудан әкімі

              Н.Ш.Шамұратов   



 

 АУДАН  ӘКІМІ Н.Ш.ШАМҰРАТОВТЫҢ  ЖАҢА ЖЫЛМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

 Құрметті жерлестер!

Сіздерді жаңа – 2017 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл – өткен жылға көз жүгіртіп, таразылайтын, жаңа бастамалар мен ізденістерге тың қадам жасайтын, жақсылыққа ұмтылатын, жаңаша ойлауға жол сілтейтін ерекше мейрам.

Өткен жыл халқымыз үшін шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің кезеңі болды. Еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдық белесіне шықты. Ширек ғасырлық шежіреміз бізді мерейлі мемлекет ретінде  әлемге танытты.

Еліміз әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа жолына түсті. Ең бастысы, халықтың жағдайы, әл-ауқаты күннен-күнге жақсара түсуде. Бұл – Елбасымыз бен халқымыздың бірлескен еңбегінің нәтижесі, ортақ игілікті істің сәтті іске асуына қосқан үлестерінің арқасында болған жетістік.

Ардақты ағайын!

Халқымызда «Ескi жыл есiркесiн, жаңа жыл жарылқасын» деген сөз бар. Өткен жылға өкпе жоқ, ал келер жылдан күтер үмiтiмiз де, тiлер тiлегiмiз де жетерлiк.

Алдымызда үлкен мақсаттар тұр. Жаңа 2017 жыл еліміздің жаңа белестерді бағындырып, жарқын келешекке бастайтынына үлкен сенім артамыз.

Жаңа Тауық жылында мерейлеріңіз үстем болып, игі тілектеріңіз жүзеге ассын. Еліміздің ырысы артып, жемісті жыл болсын. 

Жаңа жылда дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін!


Кіру

×